Швейцария FIFA экс-бас хатшысы үстінен іс қозғады

FIFA логотипі (Көрнекі сурет).

Швейцария билігі Халықаралық футбол федерациясының (FIFA) бұрынғы бас хатшысы, француз Жером Валькенің үстінен қылмыстық іс қозғады. Швейцария бас прокуратурасының мәлімдеуінше, Вальке "түрлі қаржылық қитұрқылықтар жасады" деген күдікке ілінген.

Вальке тұтқындалмағанымен, тергеуге алынып жатыр.

Тергеушілер қылмыстық іс FIFA-ның этика комитеті жүргізген тергеуден кейін жасаған шағымға жауап ретінде қозғалғанын айтады.

Вальке бас хатшылық қызметін 2007 жылдан бері атқарған. 2015 жылы қыркүйекте оны FIFA-дағы коррупцияға қатысты тергеу аясында қызметінен уақытша шеттеткен. Кейін федерацияның этика комитеті оны "FIFA-ға елеулі қаржылық шығын келтіруге себеп болды" деп футболға қатысты қызметпен айналысуға 12 жылға тыйым салған.

Швейцария прокуратурасы бұған дейін FIFA-ның бұрынғы басшысы Зепп Блаттердің үстінен коррупциялық қылмысқа қатысты іс қозғаған.