Қазақстанда жексенбіде өткен сайлау кезінде арыз-шағымдар болған жоқ, сайлау заң талабына сәйкес және жоғары дайындықпен өтті деп мәлімдеді бүгін Астанадағы брифингте ТМД миссиясы мүшесі, Тәжікстан орталық сайлау комиссиясының хатшысы Муистон Азизова.
«Біз жиырмаға жуық сайлау учаскесін аралап шықтық, барлығында жақсы дайындықты байқадық. ТМД миссиясы атына сайлау процесінің барысына қатысты арыз-шағымдар түскен жоқ» деді ол.
ТМД миссиясы өкілі Қазақстан азаматтарының «жоғары белсенділікпен дауыс бергенін» атап өткен.
Орталық сайлау комиссиясының алдын ала ресми мәліметі бойынша, 20 наурызда өткен кезектен тыс мәжіліс сайлауы мен жергілікті мәслихаттардың кезекті сайлауына елдегі тізімге енгізілген 9 миллион 810 мың 920 сайлаушының 77,1 пайызы қатысқан.
ОСК мәліметінше, Қазақстандағы сайлау барысын халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерден 817 адам бақылаған.