Украина президенті жаңа үкіметті мақұлдауға шақырды

Украина президенті Петр Порошенко.

Украина президенті Петр Порошенко Жоғарғы Раданы елдегі саяси дағдарысты реттеу үшін келесі аптаның басына дейін жаңа министрлер кабинетін мақұлдауға шақырды. Басқарушы коалиция коррупцияны тежеуге талпынып, ыдырап кеткен. Бірақ премьер-министр Арсений Яценюк үкімет өткен айда президент ұйымдастырған сенімсіздік вотумын еңсерген соң қызметінен кетуден бас тартқан.

Порошенко журналистерге "парламенттік коалиция ұсынатын кез-келген кандидатты қолдауға дайын екенін" мәлімдеді. Оның сөзінше, келесі аптаның басына дейін жаңа үкіметті мақұлдау "Украинаның мүддесіне сай келетін еді".

Премьер Яценюк дағдарыс таяуда шешіледі деп үміттенетінін айтты. "Мен парламенттегі коалиция жаңа шешім қабылдайды деп күтемін. Бұл президенттің партиясына да, президенттің өзіне де аса маңызды" деді Яценюк.

Порошенко Жоғарғы Рададағы ең ірі фракцияға бақылау жасайды. Яценюктің партиясы бұдан сәл аздау мандатқа ие және ол бұған дейін үнемі президент партиясы жағында болған. Қаржы министрі Наталья Яресько қатаң шарттарды орындауда премьер-министр болуға дайын екенін мәлімдеді.