Amnesty International халықаралық құқыққорғау ұйымы Украина үкіметін адвокат Юрий Грабовскийдің қазасына жедел тергеу жүргізуге шақырды.
«Қылмыстық іс бойынша адвокатты өлтіру – жиіркенішті қылмыс болып табылады» деп мәлімдеген жұма күні Amnesty International ұйымының зерттеулер жөніндегі аға директоры Анна Нейстат. Ол Грабовскийді ұрлау және өлтіру оқиғасына жедел әрі бейтарап тергеу жүргізіп, бұл қылмысқа қатысы барларды әділ сот арқылы жауапқа тарту қажеттігін айтқан.
Украинада сотталып жатқан Ресей азаматы Александр Александровтың адвокаты, бұған дейін із-түзсіз жоғалып кеткен Грабовскийдің жансыз денесі 25 наурызда Черкасск облысы Жашков қаласынан шамамен 30 шақырым жерде табылған. Адвокаттың қазасына күдікті ретінде Украинаның екі азаматы ұсталғаны хабарланды. Адвокаттың қазасына байланысты айтылып отырған негізгі жорамалдардың бірі – бұл арнайы жоспарланған операция болуы мүмкін.
Юрий Грабовскийдің жоғалып кеткені туралы 9 наурызда белгілі болған. Сол күні ол Киевтің Голосеев аудандық сотында Александр Александров пен тағы бір ресейлік азамат Евгений Ерофеевтің ісі бойынша өткен кезекті сот отырысына келмеген. Александров пен Ерофеевке Украинаның шығысында сепаратистер жағында әскери операцияларға және террорлық іс-әрекеттерге қатысқан деген айыптар тағылған.