Украина парламенті бас прокурорды отставкаға жіберді

Украинаның отставкаға кеткен бас прокуроры Виктор Шокин.

Украина парламенті бүгін бас прокурор Виктор Шокинді отставкаға жіберуді мақұлдады. Батыс елдері Шокинді Украинада коррупциямен күреске кедергі келтіруші деп санайтын. Шокиннің отставкаға кетуін 289 депутат қолдап дауыс берді. Бас прокурор отставкаға кету 226 депутат қолдап дауыс беруі қажет болған.

Отставкаға кетерінен бір сағат бұрын орынбасары Давид Сакварелидзені қызметінен босатқан. Сакварелидзе Украинаға Батыс елдері қолдаған реформаларды іске асыруға көмектесу үшін шақырылған бірнеше шетелдік маманның бірі. Сакварелидзе Шокинді коррупцияға ұрынған шенеуніктермен және депутаттармен байланыс ұстайды деп айыптаған.

28 наурызда бірнеше жүз адам Украина парламенті алдында Шокиннің отставкаға кетуін талап етіп, шеру өткізген.

АҚШ бұған дейін Украина бас прокуратурасын жоғарыдан төмен қарай реформалауға бірнеше рет шақырған. Коррупциямен күресті қолдаушылардың айтуынша, бас прокуратура Украинада шенеуніктердің мүддесін қорғап, коррупцияның таралуына жол беріп отыр.

Шокин 16 ақпанда президент Петр Порошенко өзі мен премьер-министр Арсений Яценюктен қызметтерінен кетуді сұраған соң отставкаға кетуге өтініш берген.

Парламент Яценюктің отставкаға кетуіне қатысты 29 наурыз күні кешке қарай дауыс бермек.

Бұған дейін парламентте жаңа коалиция құрған үш партия парламент спикері Владимир Гройсманды премьер-министрлікке ұсынуға келіскен.