Олимпиадаға 10 қазақстандық боксшы қатысады

Қазақ боксшысы Әділбек Ниязымбетов (көк формада).

Рио-де-Жанейро (Бразилия) олимпиадасына Азия боксшыларын іріктеу үшін Қытайдың Цяньян қаласында өткен жарыс аяқталды.

Турнирдің соңғы күні екі қазақстандық боксшы олимпиада жолдамасын алды.

56 килограмм салмақта әлем чемпионатының қола жүлдегері Қайрат Ералиев Рио олимпиадасына жолдама алды. Үшінші жолдамаға таласу матчында Ералиев филиппиндік Марио Фернандесті жеңді.

Ал 52 килограмм салмақта Олжас Сәттібаев қырғызстандық Азат Үсеналиевті 3:0 жеңіп, олимпиада лицензиясын иеленді.

Бұған дейін осы жарыстың финалына шыққан Абылайхан Жүсіпов (64 кг), Жәнібек Әлімханұлы (75 кг), Әділбек Ниязымбетов (81 кг) және Иван Дычко (+91 кг) жолдама иеленген.

Ал 2015 жылы әлем чемпионаты мен басқа да іріктеу жарыстарында Біржан Жақып (48 кг), Берік Әбдірахманов (60 кг), Данияр Елеусінов (69 кг) және Василий Левит (91 кг) олимпиада жолдамасын алған.

Қазақстан ерлер арасында тұңғыш рет олимпиадаға толық құраммен (он боксшы) қатысады.

Ал әйелдер арасында 75 килограмм салмақта Дариға Шакимова ғана Қытайдағы жарыста олимпиада жолдамасын иеленді. Назым Қызайбай (48 кг) мен Назым Ишанова (60 кг) жолдама ала алмады. Бұл екі салмақта жолдама мамырда Астанада өтетін әлем чемпионатында сарапқа салынады.