Ирандағы мұнай өндіру көлемі бір жылда санкция салынғанға дейінгі ауқымға - күніне 4 миллион баррель өндірілген деңгейіне жетеді деп мәлімдеді елдің мұнай министрі Бижан Намдар Зангане.
Зангане экономикалық санкциялар алынған соң 2017 жылдың наурызына қарай Иранның мұнай экспорты көлемі тәулігіне 2,5 миллион баррельге жететінін айтты. Ол осы айдың өзінде экспорт көлемі 2 миллион баррельден асып кеткенін хабарлады.
АҚШ пен Еуропа Одағы 2012 жылдың басында Иранның ядролық бағдарламасын шектеу үшін салған санкциясы салдарынан Иранның мұнай экспорты көлемі 2011 жылғы тәулігіне 2,5 миллион баррельден 1 миллион баррельге дейін түсіп кетті.
Иран мұнай министрі мәлімдемесін Ресей мұнай бағасын тұрақтандыру үшін ОПЕК елдерімен мұнай өндіру көлемін азайту туралы келіссөз жүргізіп жатқан тұста жасап отыр. Иран бұған дейін мұнай өндіру көлемін азайтудан бас тартқан.