Португалия мәдениет министрі Жоау Соареш әлеуметтік желідегі жазбасы қоғам тарапынан сынға ілінген соң отставкаға кетуге мәжбүр болды.
Соареш 7 сәуірде Facebook парақшасында португал тілінде жариялаған жазбасында Португалияда шығатын Publico газетінде министрді сынаған мақалаларда айтылғанды өзін қорлау деп қабылдап, оны жазған екі журналист - Аугусто Сеабре мен Васко Пулидо Валентені «шапалақпен емдеуге» уәде еткен.
Журналистердің Соарешті біліксіз, дөрекі, тамыр-таныстыққа бейім деп сынауы министрдің шамына тиген. Кейін Соареш журналистер атына айтқан сөзі үшін кешірім сұрағанымен, оның жазбасы қоғамда наразылық тудырып, министрді отставкаға жіберуге шақырған талаптар айтылған.
Португалия премьер-министрі Антониу Кошта Жоау Соарештің сөзіне байланысты жұртшылықтан кешірім сұрап, «елде министрлік басқаратын тұлғалар үкімет өкілі екенін естен шығармауы тиіс» екенін айтқан.
66 жастағы Жоау Соареш 1995-2002 жылдар аралығында Лиссабон қаласы мэрі қызметін атқарған. Оның әкесі Мариу Соареш Португалия социалистік партиясының негізін қалап, 1986-1996 жылдар аралығында ел президенті болған.