Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында жолдар жабылды деп хабарлайды «Казгидромет» ауа райын болжау мекемесі.
Солтүстік Қазақстан облысында еріген қар суының жайылуы салдарынан облыстық маңыздағы жолдың Рощинское – Корнеевка – Волошинка, Булаево – Возвышенка – Рощинское бағыттары бойынша барлық көлік түрлеріне жол жабық тұр.
Ақтөбе облысында жоласты төселімінің қатты ылғалдануына байланысты республикалық маңыздағы Қандыағаш – Ырғыз бағытындағы жолда көлік қозғалысы тоқтатылған.
Қостанай облысында жолды су шайып кеткендіктен Қарасу - Большая Чураковка жол бөлігі жабылған.
Қарағанды облысында төтенше жағдай қызметі тұрғындарға су тасқыны қаупі бары туралы хабарлаған. Құтқару қызметі облыс тұрғындарын өзен сағасы мен су қоймалары маңында орналасқан саяжайларға бару қатерлі екенін, өзен, су арнасы мен су қоймаларында мұз бетімен жүруге болмайтынын ескертіп, ойын баласы су қаупі бар жерлерден аулақ болуын қадағалауға шақырған.