Медведев Ереван мен Бакуге қару сатуды қолдады

Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев.

Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев Әзербайжан мен Арменияға қару-жарақ сатуды қолдайтынын айтты. Ресейлік «Россия 1» телеарнасындағы «Вести в субботу» бағдарламасына берген сұхбатында ол егер Мәскеу жанжал болып жатқан аймаққа қару-жарақ беруден бас тартса, ондай іспен өзге мемлекеттер айналысқан болар еді деген. Медведев қару-жарақ тек пайдалану үшін ғана сатып алынбайды, ол сонымен бірге «тежеуші фактор» қызметін атқарады деп санайды.

2010 жылдан 2014 жылға дейінгі аралықта Ресей мен Әзербайжан тікұшақтар, зениттік-зымыран жүйелері, танктер мен артиллериялық қару-жарақ сатуға қатысты жалпы құны төрт миллиард долларға жуық соманы құрайтын келісім-шарттар жасасқан.

Армения 2013 жылдың бір өзінде Ресейден 16 миллион доллардың қару-жарағын сатып алған. Олардың арасында ауыр қару түрлері де бар деп хабарлайды ВВС. Бірақ 2014 жылы Ереван Мәскеуден қару-жарақ алмаған.

5 сәуірде Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақтағы жанжал аймағында атысты доғару туралы бітім жасасқан. Бірақ көп ұзамай екі тарап оқ атпау жайлы келісімді бұзды деп бір-бірін айыптай бастаған.

Таулы Қарабақтағы жанжал аймағындағы ахуал сәуірдің 2-іне қараған түні ушығып кеткен еді. Одан кейін соңғы 22 жылдағы ең үлкен қарулы қақтығыстар барысында екі жақтан ондаған адам қаза тауып, жараланған, кейбіреуі хабарсыз кеткен.