БҰҰ Бас ассамблеясы мүшелері тарихта бірінші рет БҰҰ бас хатшылығына кандидаттарды тыңдауды бастады. 12 сәуірде өткен тыңдауда бас хатшылыққа тоғыз кандидаттың үшеуі: Черногория сыртқы істер министрі Игорь Лукшич, БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі бұрынғы жоғарға комиссары Антонио Гутерреш және ЮНЕСКО басшысы, болгариялық саясаткер Ирина Бокова сөйледі.
Мәскеу БҰҰ-ның келесі бас хатшысы Шығыс Еуропа өкілі болуы тиіс дейді. Кандидаттар тыңдауда ең ірі халықаралық ұйымның болашағын қалай көретіндері туралы ойларын айтты.
Дәстүр бойынша, бас хатшыны таңдау құқығы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде болатын. Қауіпсіздік кеңесі кандидатты жабық жиында талқылап, оны Бас ассамблеяның бекітуіне ұсынатын. Өткен жылы Бас ассамблея ережені өзгертіп, кандидаттарға бас хатшылық қызметіне сайлану ниеті туралы ресми мәлімдеме жасап, резюмесін тапсыруды ұсынған. Тыңдауда сөйлеу - кандидаттарды іріктеудің бір кезеңі саналады. Дегенмен, кандидатты таңдаудағы шешу сөз Қауіпсіздік кеңесінің құзырында қалады. Қауіпсіздік кеңесі кандидаттарды алдын ала талқылауды шілдеде бастайды.
Бас хатшылыққа үміткерлер арасында Словенияның бұрынғы премьер-министрі, Молдова, Хорватия мен Македонияның бұрынғы сыртқы істер министрлері және Жаңа Зеландияның бұрынғы премьер-министрі бар.