Тәжікстан президенті аппаратының жетекшісі, президент Эмомали Рахмонның қызы Озода Рахмонды Душанбе қаласының халық депутаттары парламенттің жоғарғы палатасы - Маджлис Милли депутаттығына кандидет етіп ұсынды. Бұл туралы Азаттықтың Тәжік редакциясына дереккөзі хабарлап, Озода Рахмонды Душанбедегі №4 округінен кандидат етіп ұсынуды депутаттар "бірауыздан" қолдағанын айтты.
Ал "Азия-Плюс" агенттігі өз дереккөзіне сілтеме жасап, Озода Рахмонның кандидатурасына балама болмағанын айтады.
Маджлис Миллидің Душанбенің №4 округі бойынша депутатын сайлау 29 мамырда қалалық маджлис пен қаланың төрт ауданының маджлисі депутаттарының бірлескен отырысында өтеді.
Бұған дейін №4 округі бойынша жоғарғы палата депутаты президент аппаратының бұрынғы жетекшісі Бахтиер Худоерзода болған. Ол қаңтардың соңында сайлау және референдум бойынша орталық сайлау комиссиясының төрағасы болып тағайындалып, депутаттық мандаты тоқтатылған.