Тәжікстан парламентінің төменгі палатасы бүгін елде жаңа мейрам - Президент күні мерекесін тағайындайтын заң жобасын бекітті. Азаттықтың Тәжік редакциясының хабарлауынша, енді жаңа мерке жыл сайын 16 қарашада атап өтіледі. Бірақ бұл күн үшін демалыс берілмейді.
Төменгі палатаның заңнама және адам құқығы комитетінің мүшесі Мавлуда Каландарзода парламенттің бұл шешімін жеке тұлғаны дәріптеу деп бағалауға мүлдем болмайтынын айтады. "Бұл күннің жеке тұлғаға қатысы жоқ. Ол конституция мен өзге де заңдарға қайшы емес және қосымша шығын қажет етпейді" деді Каландарзода.
Тәжік депутаттары өткен аптада "Мейрам күндері туралы" заңға енгізілетін түзетулер жобасын дайындаған. Жаңа мейрам күні ретінде депутаттар 5 қазан (президент Эмомали Рахмонның туған күні) немесе 19 қарашаны (1992 жылы осы күні Рахмон Тәжікстан Жоғарғы кеңесінің төрағасы болып сайланған) таңдауды ұсынған.
Президент күні мерекесі Орталық Азияның өзге елдерінде де бар. Қазақстанда 1 желтоқсан елдің тұңғыш президенті күні ретінде атап өтіледі. Түркіменстанда 1994 жылы 19 ақпан алғашқы президент Сапармұрат Ниязовтың туған күні жалпыхалықтық мереке ретінде атап өтілген. Бірақ бір жылдан соң Ниязов бұл күнді мемлекеттік ту күні деп жариялаған.
Өткен жылдың желтоқсанында Рахмон "Бейбітшілік пен келісімнің негізін салушы - ұлт көшбасшысы туралы" заңға қол қойған. Заң президент пен оның туыстарына ерекше құқық береді.