«Үлкен жиырмалық» (G20) елдерінің қаржы министрлері жұма күні Вашингтонда өткен отырыста күмәнді ақшаны заңдастыру мен салық салынатын табысты жасырудың алдын алу мақсатында офшорлық қаржы индустриясы жүйесін реттеуге бағытталған қадамдарды мақұлдады.
Кездесуден кейін таратылған ресми коммюникеде офшорлық компаниялардың шынайы иелерінің аты-жөнін ашу туралы ұсынысқа қолдау айтылған. Сонымен бірге министрлер салықтан жалтарушылар пайдаланатын халықаралық аймақтарға жататын, билік орындары тиісті ақпаратпен алмасудан бас тартатын елдердің тізімін жасауға шешім қабылдаған.
Офшорлық компаниялар иелерінің аты-жөнін ашу – «халықаралық қаржы жүйесі тұтастығын қолдау үшін өмірлік мәні бар қажеттілік» делінген құжатта. Бұл шараны жүзеге асыру коррупцияға, күмәнді ақшаны заңдастыруға және террорлық қызметті қаржыландыруға қарсы күресуге септеседі деп мәлімдеген «Үлкен жиырмалық» елдері қаржы министрлері.
Күмәнді қаржылар құпиясымен күресу туралы бастама білдірген Германия, Ұлыбритания, Франция мен Италия өкілдері компаниялар, қорлар, корпорациялар мен өзге де қаржы инструменттерін активтерін жасыру үшін пайдаланатын меншік иелерінің халықаралық базасын құруға ниет танытып отыр.
Бұл мәлімдеме офшорлық компаниялар ұйымдастыру қызметімен айналысатын панамалық Mossack Fonseca заң фирмасының әшкере болып кеткен құжаттарында бірқатар мемлекет басшылары, саясаткерлер, бизнесмендер мен өзге де танымал тұлғаларға қатысты бұған дейін құпия болған деректер көпшілікке мәлім болған соң жасалып отыр.