Ұлыбританияда бұрынғы совет диссиденті аштық жариялады

Бұрынғы совет диссиденті Владимир Буковский.

Бұрынғы совет диссиденті Владимир Буковский Ұлыбритания прокуратурасының өзіне таққан айыбына қарсылық шарасы ретінде аштық жариялады.

73 жастағы Буковскийге бір жыл бұрын балалардың бейәдеп суреттерін дайындап, сақтады деген айып тағылған. 20 сәуірде Буковский "Эхо Москвы" радиосы сайтындағы өз блогында өзіне қарсы айып алынбайынша аштықты тоқтатпайтынын жазды. Ол бұған қоса Лондон жоғарғы сотын "әдейі ойластырылған жала жабу кампаниясына" назар аударуға шақырды. Оның пікірінше, өзіне қарсы тергеуді Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі бастаған.

Владимир Буковский анитсоветтік көзқарасы үшін 12 жыл совет түрмесі мен психиатрлық ауруханаларда отырған. Ол 1976 жылдан бастап Ұлыбританияда тұрады. Буковский Ресей президенті Владимир Путинді сынап, Кремльді 2006 жылы Лондонда Ресей арнайы қызметінің бұрынғы қызметкері Александр Литвиненконың радиоактивті заттан уланып қаза табуына қатысы бар деп айыптаған.