Оралда "жер сатуға" қарсы жалғыз адамдық акция өтті

Орал қаласында азаматтық белсенді Исатай Өтепов жалғыз адамдық акция өткізіп тұр. 24 сәуір 2016 жыл.

Батыс Қазақстан облысы орталығы Орал қаласында азаматтық белсенді Исатай Өтепов бүгін қала орталығындағы Абай Құнанбайұлы ескерткіші алдында жалғыз адамдық акция өткізді. Ол қолына «Қытайға жер сатпа!» деген жазу ұстап шықты. Исатай Өтеповтің пікірінше, ауыл шаруашылығы жерін Қытай азаматтарына сату немесе жалға беру Қазақстанға ауыр экологиялық зардап әкелуі мүмкін.

– Қытайда жер өңдеушілер мол өнім алу үшін кез келген амалдан тартынбайды. Олар химиялық заттар, түрлі тыңайтқыштар қолданып, гендік құрамы өзгертілген тұқым себеді. Бұдан соң жер ары қарай пайдалануға мүлде жарамай қалатынын, яғни қайтадан қалпына келмейтінін бәрі түсінеді, - дейді белсенді.

Жалғыз адамдық акция басталғаннан кейін бірнеше минуттан соң сол жерге жеткен полиция қызметкерлері Исатай Өтеповті полиция бөлімшесіне апарып, одан түсіндірме жазып алған соң босатты.

Бүгін Атырау қаласында жаппай наразылық шарасы өтіп жатыр. Өткен айда Қазақстан үкіметі Жер туралы заңға былтыр күзде енгізілген өзгерістерге сай, биыл шілдеден бастап ауылшаруашылық жерлерін азаматтарға жеке меншікке акцион арқылы сату, сонымен бірге шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға 25 жылға дейін мерзімге жалға беру тәртібі күшіне енеді деп хабарлаған. Бұл хабар Қазақсан қоғамында қызу пікірталас туғызды.