АҚШ президенті Барак Обама Сирияға "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымымен соғысып жатқан жергілікті күштерге көмектесу үшін 250-ге тарта әскери қызметкер жібермек.
АҚШ билігі өкілдерінің сөзінше, Обама бұл туралы бүгін Германияда жасайтын мәлімдемесінде жарияламақ. Бүгін Германияда Обаманың шетелге жасаған бір апталық сапары аяқталады.
АҚШ президентінің Сауд Арабиясы, Ұлыбритания мен Германия басшыларымен келіссөзіндегі негізгі тақырып ИМ-мен күрес болған. Сирияда қазірдің өзінде АҚШ арнайы мақсаттағы 50 әскери қызметкері бар. Сирияға жіберілетін әскерилер арасында қанша арнайы мақсаттағы әскери қызметкер болатыны әзірге белгісіз. Барак Обаманың Сирияға қосымша әскери қызметкер жіберетінін кеше америкалық Wall Street Journal басылымы да хабарлаған.
ИМ Иракта Мосул қаласы мен Сирияда Ракка қаласын бақылауда ұстап тұр. 2015 жылы қарашада Парижде, биыл наурызда Брюссельде болған терактілерге жауапкершілікті мойнына алған ИМ шетелдерде қауіп төндіріп тұр.