25 сәуірде Маңғыстау облысындағы Шетпе ауылының бір топ ақсақалы ауыл орталығындағы 1870 жылғы Ресей отарлауына қарсы бас көтерген қазақ батыры Досан Тәжіұлының ескерткіші қасында жиналып, билікке жер туралы үндеу жолдады. Бұл туралы Оңды ауылының тұрғыны Жәнібек Қожық өзінің Facebook парақшасында баяндады.
Суреттерімен бірге жарияланған хабарламада ауыл ақсақалдарының "үкіметке жер сатуға наразылық білдірген үндеу жолдағандары" жазылған.
Үндеуде жер туралы заңды қайта қарау, жерді шетелдіктерге жалға да бермеу, сатпау, Қазақстан азаматтарына жалға берілетін жер көлемін белгілеу туралы талаптар қойылған.
Қазақстандағы жерге қатысты халықтың алаңдаушылығы наурыздың соңындағы ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев 1 шілдеден бастап ауыл шаруашылығы жерлерінің аукцион арқылы сатылатыны туралы мәлімдемесінен соң бел алған. Осыған байланысты 25 сәуірде Атырау қаласында өткен рұқсат етілмеген митингіге мыңдаған адам қатысып, жердің сатылуына қарсылық білдірген.