Астанада өздерін «Алаш жолы» қозғалысы деп таныстыратын белсенділер бүгін сағат 11-де «Ақжайық» қонақ үйінде маңызды мәлімдеме жасайтынын алдын ала хабарлаған еді. Бірақ, жоспарлы баспасөз мәслихаты өтпей қалды.
Қозғалыстың орталық ұйымдастыру комитетіндегі бес мүшенің бірі - Амандық Дәулетбекұлы Азаттық тілшісіне «Ақжайық» қонақүйінің өкілі баспасөз мәслихатын өткізуге берген залын қайтып алғанын мәлімдеді.
- Жиынға келген едік, қонақ үй өкілі өздеріне Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері келіп сөйлескенін айтты. «Кешіріңіздер, біз сіздерге баспасөз мәслихатын өткізуге рұқсат бере алмаймыз» деп берген ақшамызды қайтарды, - дейді ол.
Аты-жөнін айтқысы келмеген қонақүй өкілі Азаттыққа «Алаш жолы» қозғалысына «ақшаларын қайтарып бергенін» растады. Және «бұдан өзге ақпарат айта алмаймын» деді.
Сонымен қатар бұл жиынға «Алаш жолы" қозғалысы орталық ұйымдастыру комитеті мүшелері Мақсат Ілиясұлы, Талғат Омаров және Уәлихан Қайсаров та келмеді.
- Мақсат Ілиясұлын таңертең қалалық ішкі істер департаментіне алып кеткен. Талғат Омаровтың телефоны өшіп тұр. Екеуімен хабарласа алмай, қобалжып отырмыз. Ал, Уәлихан Қайсаров кешігіп жатыр, - деді Амандық Дәулетбекұлы.
Өздерін «ауылшаруашылық жерлерін үкіметтің шетелдіктерге жалға беруіне қарсылық үшін құрылдық» деп таныстыратын «Алаш жолы» қозғалысы Астанада 21 мамыр күні бейбіт шеру өткізуді жоспарлағанын хабарлаған болатын.