Мәскеу билігі ұлтшылдарға 1 мамырда шеру өткізуге рұқсат бермеді

«Русские» қозғалысы жетекшісі Дмитрий Демушкин.

Ресей астанасында жергілікті билік барлық ұлтшыл ұйымдарға 1 мамырда шеру өткізуге рұқсат етпеді.

Ұлтшылдардың 1 мамыр күні Мәскеуде заңсыз акциялар өткізу ниеті жоқ деп мәлімдеді Ресейде қызметіне тыйым салынған «Русские» қозғалысының бұрынғы басшысы Дмитрий Демушкин. Ол «Интерфаксқа» бүгін барлық ұлштыл ұйымдар, соның ішінде «Черный блок» ұйымы да акция өткізуге рұқсат берілмейтіні жөнінде хат алғанын айтқан.

18 сәуірде ұлтшылдар мамырдың алғашқы күні Мәскеудің солтүстік-батысында – «Октябрьское поле» метро бекетінен «Щукинский» аялдамасына дейінгі аумақта шеру өткізуге рұқсат сұрап өтініш берген.

Дмитрий Демушкиннің хабарлауынша, Мәскеу билігі оған шеру өткізуге рұқсат бермеуіне себеп ретінде Демушкиннің қазіргі кезде экстремизм бабы бойынша айып тағылып, тергеуде жүргенін алға тартқан. Демушкин болса ісі әлі сотта қаралмағанын, ал бұған дейінгі сот тағайындаған мерзімдері толық өтеліп, жойылғаны туралы уәж айтады.