Иран парламентінде көпшілік орынды реформаны қолдайтындар иеленді

Иранда парламент сайлауына дауыс беріп жатқан әйелдер. (Көрнекі сурет.)

Иранда парламент сайлауының екінші кезеңінде ел президенті Хассан Роуханиды қолдайтындар жеңіске жетті. Бұл туралы Иран ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап әлемдік ақпарат құралдары хабарлады.

Соңғы мәліметтерге қарағанда, реформаны жақтайтын кандидаттар сайлаудың екінші кезеңінде дауысқа салынған 68 депутаттық мандаттың 38-ін иеленген, тағы 18 мандатты консерватолар, қалғанын - тәуелсіз кандидаттар алған.

Осылайша, Хассан Роуханидың саясатын қолдайтын реформашыл күштер парламенттегі 290 орынның көпшілігін иеленіп отыр. Екінші орында – консерваторлар, үшінші орында – тәуелсіз кандидаттар тұр.

Иран парламенті сайлауының түпкілікті нәтижесі жексенбіде жариялануы тиіс. Жаңадан сайланған парламенттің алғашқы отырысы 27 мамырда өтпекші.