Министрліктер өкілдері жер кодексін түсіндірді

Ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсылық митингі. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген жер кодексінің мақсаты - бос жатқан жерлерді айналымға енгізу, содан тиісті өнімдер алып, экономиканы ары қарай көтеру деді ұлттық экономика министрлігінің өкілі Самат Сәрсенов.

Астанада президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен "Ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану" тақырыбындағы баспасөз мәслихатында сөйлеген Сәрсеновтің айтуынша, "дүниежүзілік тәжірибеде ауыл шаруашылығы жерлерінің қайтарымы 13-15 жылды құрайды".

"Келген инвестор тек қана қайтарым алады да, одан әрі пайда көруі керек. Осындай дүниежүзілік тәжірибе негізінде ол (жерді жалға беру мерзімі) ары қарай ұзартылып отыр" дейді Самат Сәрсенов.

Баспасөз мәслихатына келген Самат Сәрсенов пен тағы бір билік өкілі - ауыл шаруашылығы министрлігі агрохимиялық қызметі республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының жетекшісі Ерболат Бәзілжанов жер кодексіндегі басқа өзгерістер жайлы да айтты.

Олардың сөзінше, жерді аукцион арқылы Қазақстан азаматтарына сату екі саты бойынша өтпек. Алғашқы кезеңде жердің кадастрлық құнын жоғарылату әдісімен екі рет аукцион жүргізіледі. Жер алғашқы екі жолы да сатылмаса, үшінші жолы кадастрлық құнын 50 пайызға дейін төмендету тәртібімен сатылады. Жер бұл жолы да сатылмаса, аукционнан алынып тасталып, мемлекет меншігінде қалады.

Сәуірдің соңынан бері Қазақстанның бірнеше қаласында үкіметтің ауыл шаруашылығы жерлерін аукцион арқылы сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзарту жоспарына байланысты жаппай және жалғыз кісілік қарсылық акциялары өткен. Жүздеген адам қатысқан митинг Атырау, Семей және Ақтөбеде болған. Ақтөбе, Жаңаөзен, Қызылорда сияқты қалаларда полиция наразыларға жер мәселесіне қатысты митинг өткізуге кедергі келтіріп, таратып жіберген.