Бүгін Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық сотында өтіп жатқан «Баспанамызды қорғайық» қоғамдық ұйымының жетекшісі, «алаяқтық» бабы бойынша айыпталып жатқан Қыздығой Ажарқұлованың кезекті сот отырысында жәбірленушілерден жауап алу басталды.
Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, сот отырысына қатысу үшін Қыздығой Ажарқұлованың адвокаты Гүлнәр Жуаспаева жарты сағаттан астам уақыт сыртта күтіп тұруға мәжбүр болды. Жоғарғы сот өкімін себеп қылған күзет қызметі «өшірулі тұрған смартфонын күзет қызметіне қалдыруды» сұрағанымен, Гүлнәр Жуаспаева адвокаттық қызмет" туралы заңды алға тартты. Күзет қызметінің бұл әрекетін «заңсыздық» деп атаған адвокат прокуратура өкілінен де араша сұрады. Бірақ бұл мәселеге прокуратура өкілі араласпады. Адвокат сот отырысына санаулы секундтар қалғанда смартфонын өзімен бірге алып кірді.
Your browser doesn’t support HTML5
Сот отырысына жәбірленуші деп танылған сегіз азаматтың жетеуі келді. Оларға судья Мадияр Әбдірәсілов құқығын түсіндірді.
Одан кейін адвокат судьядан жақтаушы жақтың куәгерлерін қосуды сұрады. Судья адвокаттың талап-тілегін қанағаттандырды.
Прокурор Қожамқұлов Қыздығой Ажарқұлованың айыпталу себебін тағы бір еске салып, жәбірленушілерге 1 миллион 180 мың теңге көлемінде шығын келтіргенін атап өтті.
Қыздығой Ажарқұлова сот отырысында бірінші болып жауап беруден бас тартты. «Алдымен жәбірленушілер мен екі жақтың куәгерлерін тыңдаймын» деді ол. Тағылған айып туралы сұраған судьяға «толық мойындамаймын» деп жауап берді.
Судья әуелі жәбірленушілер мен куәгерлерді тыңдайтын болып шешті.
Екі жарым сағатқа созылған сот отырысында үш жәбірленушіден жауап алынды. Жәбірленушілерге судьямен бірге прокурорлар, адвокат пен айыпталушы сұрақ қойды.
Сот отырысына үзіліс жасалып, түстен кейін жалғасатыны хабарланды.
Қыздығой Ажарқұлова бірінші сот отырысында прокурор судьядан жәбірленушілердің сотқа келмеуіне байланысты сот отырысын кейінге қалдыруды сұраған болатын. Адвокат Жуасбаева да сотқа жәбірленушілермен қоса куәгерлердің келмеуіне байланысты судьядан сотты шегеруді сұраған еді. Тараптардың уәждерінен соң судья сотты 5 мамырға шегерген болатын.
Ажарқұлованың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы 12 сәуірде өткен.