НАТО: "Әл-Қаида" "Талибанның" Кабулмен күресін қолдайды

"Әл-Қаида" басшысы Айман әл-Зауахири (Видеодан алынған скриншот).

"Әл-Қаида" ұйымы Ауғанстанда "Талибан" қозғалысымен барынша жақын іс-қимыл жасап жатыр және ол "Талибанның" үкімет күштеріне қарсы күресіне қолдауы мүмкін деп мәлімдеді НАТО өкілі.

"Біз олардың өздері жекелей Ауғанстан үкіметіне айтарлықтай қауіп төндіреді деп айта алмаймыз. Бірақ "Әл-Қаида" "Талибанмен" бірге жұмыс істей бастағандықтан ол талибтер белсенділігіне әсер етеді. Олар бірігіп белгілі бір нәрсе істеуге қабілетті бола алады" деді НАТО бригадир генералы Чарльз Кливленд.

Өткен жылы күзде "Әл-Қаида" жетекшісі Айман әл-Зауахири "Талибанның" жаңа басшысы Мулла Ахтар Мансурды қолдайтынын мәлімдеген.

"Содан бері екі топ арасында өзара бірігіп әрекет ету күшейгенін байқап отырмыз" деді Кливленд. Оның есептеуінше, Ауғанстанда "Әл-Қаиданың" 100-ден 300-ге дейінгі аралықта мүшесі болуы мүмкін.

"Саны кәдімгідей азайғанымен, олар тез қайта күшейе алады және әлі де қауіп тудырады" деді НАТО өкілі.

Кливлендтің сөзінше, "Талибан" биыл негізгі қаржы көзі - апиын өнімінің түсімі мол болғандықтан қайтадан күшеюі әбден мүмкін.