Ресейде белсендіні психиатриялық ауруханаға жатқызған

Ресейлік азаматтық белсенді Дмитрий Воробьевский.

Ресейдің Воронеж қаласында белсенді Дмитрий Воробьевский 6 мамыр күні психиатриялық ауруханаға жатқызылды. Жергілікті оппозициялық белсенді Александр Болдыревтің Facebook әлеуметтік желісінде хабарлауынша, Воробьевскийдің үйіне учаскелік полиция қызметкерімен бірге келген санитарлар оны күштеп ауруханаға алып кеткен.

«Дмитрий Воробьевский біз өткізген барлық пикеттер мен шерулердің ешқайсысын жібермей қатысқан, сонымен бірге ол «ВКонтакте» және Facebook әлеуметтік желілерін белсенді қолданатын блогер. Оның жолдастары қарындасымен (ол Дмитрийді қалай алып кеткенін көрген) бірге учаскелік полиция бекетіне барған, ондағылар санитарлар сот шешімі бойынша әрекет жасағанын айтқан» деп хабарлаған Болдырев.

Оның сөзінше, психиатриялық аурухананың кезекші дәрігері Воробьевскийдің сол мекемеге түскенін растаған, бірақ қандай себеппен жатқызылғанын айта алмаған. «Ол ертең дәрігерлер консилиумы болады, сонда ары қарай не істеу керектігі жайлы шешім қабылданады деп жауап берген. Сот шешімі жоқ. Бұдан соң Воробьевскийді іздеп шыққандар Совет аудандық ішкі істер бөліміне Дмитрийдің жоғалып кеткені туралы өтініш жазып тапсырған» деп жазды Болдырев.

«Семь на семь» сайтының жазуынша, осыған ұқсас оқиға бұдан жеті ай бұрын Рязань қаласында болған. Ол жолы ПАРНАС партиясының аймақтық бөлімі жетекшісі Юрий Богомоловты психиатриялық сараптамадан өткізуге мәжбүрлі түрде жеткізген. Кейін оның дені сау екені анықталған.