Қазақстандық танымал музыкант, композитор Болат Сыздықов сенбі күні қайтыс болғаны туралы хабар тарады.
Қарағанды қаласының тумасы Болат Сыздықов жастайынан өнерге жаны құмар болып өскен. 1976 жылдан бастап «Гүлдер» ансамблі қатарында, кейін «Арай» тобы құрамында гитарада ойнады. 1990-жылдардың басында «Арайдан» бөлініп шыққан музыканттармен бірге «Алма-Ата» тобын құрады. Кейін Мәскеу қаласына қоныс аударған топ атауы «А-студио» болып өзгереді. Бірақ көп ұзамай топ құрамынан кеткен Болат Сыздықов жеке өнер жолын бастайды.
1992 жылы ол әнші Карина Абдуллинамен бірге «Мюзикола» дуэтін дүниеге әкеледі. Осы кезге дейін дуэт 10 диск шығарған, сонымен бірге 2009 жылы Сыздықовтың жеке орындауындағы шығармалар жазылған «Гитарные истории» дискі жарық көрген.
Музыкант Болат Сыздықов 60 жасына толуына бір жарым ай уақыт қалғанда дүниеден өтті. Марқұммен қоштасу рәсімі 10 мамыр күні сағат 11-де Алматыдағы Жамбыл атындағы мемлекеттік филармония ғимаратында өтеді деп хабарланды.