Қазақстан Ұлттық банкі биыл алғашқы тоқсанда тауар экспорты 8,4 миллиард долларды құрағанын және бұл 2015 жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда 30 пайызға аз екенін мәлімдеді. Ұлттық банк сайтында жарияланған ақпаратта экспорттың төмендеуі мұнай бағасы арзандаған уақытпен тұспа-тұс келгені айтылады. Ал өткен жылдың соңғы тоқсанындағы көрсеткішпен салыстырғанда экспорт көлемінің азаюы 16 пайызға артқан. Ұлттық банк мәліметінше, мұнай мен газ конденсаты экспорты 41,1 пайызға азайған.
Ұлттық банк сонымен қатар биыл алғашқы тоқсанда 2010 жылдан бері тауар импорты ең төменгі көрсеткішті құрағанын айтады. Ресми мәлімет бойынша, 2016 жылдың алғашқы тоқсанында тауар импорты 5,7 миллиард долларды құрап, 2015 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 27,8 пайызға азайған. "Импорт көлемінің күрт азаюы ең алдымен валюта бағамының өзгеруімен байланысты. Барлық тауар түрлерін импорттау көлемі азайған. Импорт көлемі ең көп азайғаны - азық-түліктік емес тауарлар мен инвестициялық тауарлар" делінген Ұлттық банк ақпаратында.