Парламент мәжілісіне "Ақ жол" партиясынан сайланған депутат Азат Перуашев премьер-министр Кәрім Мәсімовке офшорлық аймақтар арқылы жасалатын қаржылық іс-әрекеттерді реттеу шараларын қабылдауды сұрап, сауал жолдады.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, парламенттің пленарлық отырысында сөйлеген Перуашев Халықаралық журналистік зерттеу консорциумы әлемдегі бизнесмендер мен саясаткерлердің офшорлық қызметтерді пайдаланғаны туралы "Панама құжаттары" деп аталған материалдар жариялағанын айтқан. "Ондағы Қазақстаннан шыққан, офшорды пайдаланатындар тізімінде қазіргі үкімет өкілдері, аудан әкімі, мемлекеттің қатысы бар бірнеше кәсіпорын жетекшілері бар. Панама құжаттары әлемде шенеуніктердің бизнеске қатысы жоқ, бұлыңғыр, ашық емес құрылымдар арқылы мемлекеттік компаниялардан қаржыны қалай шығарып, қалтасына басқанын көрсетті" деді Перуашев.
"Ақ жол" партиясы Қазақстаннан офшорлық аймақтарға қаржыны шығару мәселесін бұған дейін де көтергенін айтқан Перуашев 2014 жылы партия үкіметке Қазақстан экономикасын офшорсыздандыру шараларын жасауға шақырғанын білдірген. "Біз офшор арқылы табыс табатын компаниялар мемлекеттік бағдарламаны, салықтық жеңілдіктерді, субсидиялар мен басқа да жеңілдіктерді пайдаланбауы тиіс деп санаймыз. Бұдан бөлек, мұндай компаниялардың мемлекеттік сатып алу мен жартылай мемлекеттік сектордағы сатып алуларға қатысуы күмән тудырады. Себебі олардың әрекеті ашық жұмыс істеп, барлық салығын төлейтін бизнеске арсыз түрде бәсекелестік тудырады. "Панама жанжалы" мұның алдын алу шараларын дереу дайындап, іске асырудың өзектілігін тағы бір рет көрсетті" деді Перуашев сауалында.
Перуашев осыған байланысты "Ақ жол" партиясы үкіметтен ұлттық экономиканы офшорсыздандырудың қандай шараларын жасап жатқаны туралы хабардар етуді сұрады. Ол бұған қоса "Офшорлық аймақтар арқылы атқарылатын қызметті реттеу туралы" заң жобасын дайындап, парламентке жіберуді сұрады.