Үкіметте жер реформасы туралы комиссия құру талқыланды

Қазақстан үкіметінің жиыны Астана (Көрнекі сурет).

Қазақстан үкіметінің жиынында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жер реформасына қатысты комиссия құру туралы тапсырмасының іске асырылу барысы қаралды.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, комиссия құру мәселесіне қатысты жұмыстарды комиссия төрағасы, премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев баяндаған. Комиссия құрамына сенат пен мәжіліс депутаттары, үкімет мүшелері, саяси партиялар мен агробизнес, салалық қауымдастықтар өкілдері, ғалымдар мен белсенділер кірмек. Сонымен қатар, аймақтарды да жұмысқа тарту үшін комиссия құрамына қоғамдық кеңестер қатыстырылады.

Жиында комиссия жұмысының маңызды екенін айтқан премьер-министр Кәрім Мәсімов ақпарат және коммуникация министрлігіне комиссия жұмысынан хабардар етіп отыруды және аймақтарда тиісті ақпараттық жұмыстар атқаруды тапсырған.