Песков РБК медиа-холдингіне Кремльдің қысым жасамағанын айтады

Ресейлік РБК медиа-холдингі ғимараты.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ресейлік РБК медиа-холдингі редакциясы жетекшілігінің қызметтен кетуіне Кремльдің қатысы жоқ деп мәлімдеді. «РБК – жекеменшік ақпараттық холдинг, кадр мәселесін компания жетекшілігі мен меншік иелері өздері шешеді» деген ол.

Песков Ресей президенті Владимир Путиннің мемлекеттен қаржыландырылатын ВГТРК телерадиокомпаниясына жұма күні барған кезде айтқан «ақпараттық плюрализм» туралы сөзін келтірген.

Жұма күні Reuters агенттігі өз дерек көздеріне сілтеме жасап, РБК редакциясы жетекшілігі ресейлік биліктің холдингке жасаған қысымынан соң қызметтен кеткен деп хабарлады. Агенттік дерек көзінің айтуынша, холдинг жетекшілігі басылымда «Геленджик түбіндегі «Путин сарайына» қарсы жерде ұлу өсірмекші» атты мақала жарияланған соң қызметтен кеткен.

РБК холдингі 13 мамырда редакция жетекшілігі – газеттің бас редакторы Максим Солюс, РБК ақпарат агенттігі бас редакторы Роман Баданин және бірлескен редакция шеф-редакторы Елизавета Осетинскаяның қызметтен кеткені туралы хабарлаған.

РБК бас директоры Николай Молибог қызметкерлерді жұмыстан босату туралы шешім «маңызды мәселелерге қатысты ортақ пікірге келу мүмкін болмағандықтан» қабылданғанын айтқан.

Редакция жетекшілерінің отставкасынан кейін холдингтің бірқатар қызметкерлері де жұмыстан кететіндерін мәлімдеген.