Бүгін Венада Армнеия президенті Серж Саргсян мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Таулы Қарабақтағы әлсіз бітімді талқылау үшін кездеседі. Саргсян мен Әлиев 5 сәуірде Армения қолдайтын сепаратистер мен Әзербайжан әскерилері арасындағы қақтығыстан соң бітім орнағаннан кейін алғаш рет кездеспек.
Бітімге қарамастан, аймақта ара-тұра атыс болып қалады. Австриядағы келіссөзге екі ел президентінен өзге АҚШ, Ресей және Франция өкілдері де қатысады.
Армения мен Әзербайжан арасында Таулы Қарабаққа қатысты жанжал совет кезінен жалғасып келеді. 1988-1994 жылдары аймақта әскери қақтығыс болып, салдарынан 30 мыңға тарта адам қаза тапқан, ал Таулы Қарабақтың өзі Әзербайжаннан бөлініп кеткен.