Қазақстан мәжілісінде өткен үкімет сағатында ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов «Жергілікті полиция қызметі» тақырыбындағы баяндамасында тұрғындардың полиция қызметіне көңілі толмауы "орынды" деген пікір айтты.
- Қылмыстық жағдайға бөтеннің мүлкін ұрлау кәдімгідей әсер етіп отыр. Ол қылмыстың 60 пайызын құрайды, ал кей аудандарда көрсеткіш одан да жоғары. Мүлік ұрлығының көпшілігі жеңіл және орта дәрежедегі қылмыстар: ұялы телефондарды ұрлау, көлік тонау, қалта ұрлығы және тағы басқа. Бірақ тұрғындардың көпшілігі осы қылмыс түрлерінен зардап шегіп отыр. Біз әзір мүлік ұрлығымен күресте жағдайды өзгерте алмай отырмыз. Азаматтарымыздың полицияның осы бағытындағы жұмысына көңілі толмауының себебі бар, - дейді Қалмұхамбет Қасымов.
Ресми дерек бойынша, жыл басынан ішкі істер органдарына 740 мың құқық бұзушылық жайында өтініш пен шағым түскен. Оның 130 мыңға жуығы қылмыстық құқық бұзушылық санатына кірген.
Сонымен бірге, министр баяндамасында соңғы жылдары ішкі істер органдарының жұмысы көбейіп кеткенін айтады.
- Әсіресе, тергеу және анықтау қызметтерінің жағдайы қиын. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, әр тергеушіге түсетін қызметтік жүктеме 136 қылмыстық іске жеткен, ал оның нормасы 41 болуы керек. Бір анықтаушыға түсетін жүктеме - 253 қылмыстық іс болған, ал оның номасы - 51. Сондықтан бұл қызметтерде шынымен де қиындықтарға ұшырап отырмыз. Олар штаттық тұрғыдан және материалды техникалық тұрғыдан күшейтуге зәру, - деді Қалмұхамбет Қасымов.
Министрдің айтуынша, ішкі істер органдары кадрлық тапшылық та көріп отыр. Қазір ішкі істер органдарында 1500 қызметтік орын бос тұр.