Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов Қазақстанда рұқсат етілмеген митинг өткен жағдайда және ол көлік қозғалысына кедергі келтірсе полиция шара қолданатынын мәлімдеді деп хабарлайды жергілікті агенттіктер.
Парламенттегі жиын арасында журналистер сұрағына жауап берген Қасымов Қазақстанда 21 мамырда жер мәселесіне байланысты митинг өту ықтималдығына қатысты жауап берген.
"Митинг өткізе қоятындай барлық мәселе ендігі шешіліп қойды, мемлекеттік комиссия жұмыс істеп, барлығы талқыланып жатыр. Митинг өткізетін қажеттілік жоқ. Егер келісілмеген жерлерде митинг өткізілсе, ол көлік қозғалысына кедергі келтірсе, бізде заң бар ғой, әрине шара қолданамыз" деді Қасымов.
Наурыздың соңында ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев үкімет шілденің 1-інен бастап елде ауыл шаруашылығы жерлерін азаматтарға жеке меншікке аукцион арқылы сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартуды жоспарлап отырғанын хабарлаған. Сәуірдің 24-інен бері Атырау, Ақтөбе, Семей, Қызылорда, Ақтау, Жаңаөзен, Алматы,Орал қалаларында жер туралы заңға енгізілген өзгерістерге қарсы ірілі-ұсақты наразылық акциялары өткен.
Ал кейбірп белсенділер мен әлеуметтік желіде бірқатар қолданушылар мамырдың 21-інде Қазақстанда жер мәселесіне қатысты жаппай митингіге шығуға шақырып жатыр.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл оқиғалардан соң, 5 мамырда жер кодексіндегі жұртты наразы еткен өзгерістердің күшіне енуіне осы жылдың соңына дейін мораторий жариялап, жер реформасы бойыншакомиссия құруды бұйырған.