Бүгін атыраулық үш белсендіні Атырау қаласы прокуроры Рафхат Құттықов шақырды. Белсенділердің Азаттыққа мәлімдеуінше оларға 21 мамыр күні елді митингке шақырмауды ескертіп, қол қойдырып алған.
Прокуратураға шақырылғандардың бірі - 36 жастағы кәсіпкер Ерлан Башақов. Ол өзінен қала прокурорының неге қол жеткізуді қалайтынын сұрағанын айтты.
- Мен жауап беруден бас тарттым, себебі менің жауабым прокурорға ұнамас еді, - дейді Башақов. Оған қала прокуроры 21 мамыр күні елді митингке шақырмауды, арандатпауды сұраған.
- Мен ешкімді шақырып отырғам жоқ. Бірақ мен өзім шығамын, ол менің құқым, - деді ол Азаттыққа.
Тағы бір азаматтық белсенді Гүлзада Исмұрзиеваға да дәл сондай ескерту жасалған.
Сәуірдің 24-інде өткен бейбіт митинг белсенділерінің бірі Макс Боқаев прокуратураға шақыруды бүгін таңертең алған.
- "Жер комиссиясынан неге қатысудан бас тарттың?", "Елді неге дүрліктіріп жүрсің?" деген сияқты сауалдар қойылды,- дейді ол.
Прокуртаураға шақырылғандардың бәрі 21-і күнгі митингке ешкімді шақырмау туралы қағазға қол қойып кеткен.
- Маған Атырау қалалық ішкі істер басқармасының тергеушісі Жұмағалиевке бүгін сағат 17-ге куәгер ретінде қосымша шақырту берді, - дейді Макс Боқаев.
Оның сөзінше, Қазақстанның түрлі аймақтарында белсенділілерге қатысты көрсетіліп жатқан қысым халықтың ашу-ызасын одан сайын арттыра түседі.
- Мен өзімнің конституциялық құқымның шеңберінде күресімді тоқтатпаймын. Мен митингке барамын. Халықпен бірге боламын, - деді Макс Боқаев Азаттыққа.
Азаттық тілшісі Атырау қалалық прокуратурасына барып қала прокуроры Рафхат Құттықовпен жолығуға тырысқан еді. Бірақ хатшысы оның жиналыста екенін айтып, қолы босаған соң хабарласатынын мәлімдеді.