Freedom House Астананы белсенділерді қудаламауға шақырды

Freedom House ұйымының логотипі (Көрнекі сурет).

Халықаралық Freedom House Kazakhstan құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін 21 мамырда жер мәселесі бойынша митинг өткізуге ниет білдірген белсенділерді қудаламауға шақырып, оларға таққан барлық айыпты алып тастауға үндеді.

«Биліктің белсенділерді айыптауы және бейбіт жиын өткіздірмеуге күш салуы Қазақстан үкіметінің өзгеше ойлауға жол бермейтінін көрсетеді. Үкімет белсенділерді босатып, олардан барлық айыпты алып тастауы тиіс» дейді Freedom House ұйымының төтенше жағдайда көмек көрсету және халықаралық бастама бойынша вице-президенті Роберт Херман.

21 мамыр жақындаған сайын Қазақстанда азаматтарды қамауға алу жиілеген. Мамырдың 17-інен бері Қазақстанның түрлі өңірінде шамамен 12 адам қамауға алынған. Алматыда кемінде бес адам он бес тәулікке қамалған. Олардың арасында құқыққорғаушы Бақытжан Төреғожина да бар. Астанада белсенді Мақсат Ілиясұлы 10 тәулікке қамалды. Оралда бард әншісі және азаматтық белсенді Жанат Есентаев үш тәулікке қамалған. Ол қылмыстық кодекстің 174-ші бап яғни «әлеуметтік араздық қоздыру» бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс бойынша қамауға алынды. Атырауда сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні жергілікті белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян әкімшілік қамауға алынған.

Бұған қоса әлеуметтік желілерде көптеген қолданушылар полиция мен прокуратурадан шақырту алғандарын жазып жатыр.