Батыс Қазақстан облыстық миграциялық полиция қызметкерлері вашингтондық Crude Accountability экологиялық құқық қорғау ұйымының директоры Кейт Уотерс пен ресейлік екі эколог - "Эремурс" экоклубының жетекшісі Денис Копейкин және ТМД-ның "Биоқауіпсіздік үшін" альянсының хатшысы Виктория Копейкиннен Қазақстанға келудегі мақсаты туралы түсініктеме талап етті. Бұл туралы Азаттыққа Crude Accountability-дің кеңесшісі Сергей Соляник хабарлады.
Соляниктің сөзінше, экологтар бүгін Березовка ауылына жақын Ақсай қаласына жергілікті экологиялық белсенді Светлана Аносова және Березовка тұрғындарын көшіру туралы фильм түсіруге келген. Қонақүйге барғанда экологтарға миграциялық полиция майоры Әсел Антазиева келіп, қалаға келгендегі мақсаттары туралы жазбаша түсініктеме жазуды талап етіп, миграциялық карталарын алып қойған.
Полиция қызметкері өз әрекетін "заңсыз мигранттарды" анықтаумен түсіндіріп, экологтарды өзімен бірге жүруді сұраған. Экологтар полицияға адвокатсыз барудан бас тартып, заңгерлермен кеңесе бастаған. Соляниктің сөзінше, біраз уақыттан соң полиция қызметкері экологтарға карталарын қайтарып беріп, кешірім сұраған.
2014 жылы қарашаның соңында Березовка ауылында мектеп оқушылары жаппай улана бастаған. Ауыл тұрғындары улануды көршілес Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кенішінен шығарылған қалдықтан көреді. Кенішті игеретін Karachaganak Petroleum Operating компаниясы басшылығы мұны жоққа шығарып, улану алдындағы қалдық экологиялық талаптарға сай шығарылғанын айтады. 2015 жылдың шілдесінде Қазақстан үкіметі кеніш айналасындағы санитарлық-қорғау аймағын кеңейтіп, Березовка тұрғындарын көшіруге шешім қабылдаған.