Жер комиссиясы отырысында "жер сату" жайы талқыланды

Бақытжан Сағынтаев, Қазақстан премьер-министрінің орынбасары, жер реформасы жөніндегі комиссиясының төрағасы.

Астанада бүгін жер мәселесі бойынша құрылған комиссияның екінші отырысы аяқталды. Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, комиссия отырысы соңында сөйлеген премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев комиссия мүшелері комиссия ішінен төрт жұмысшы тобы - құқықтық, экономикалық, жер реформасын түсіндіру және ашықтықты қамтамасыз ету жөніндегі топтарды құру туралы мәміле жасасқанын мәлімдеген.

Сағынтаевтың сөзінше, бүгінгі отырыста жерді сатпау немесе сату, сатылса қалай сату мәселесі қарастырылған. "Бұл мәселеде комиссияның 38 мүшесі өз пікірін айтты. Негізгі мәселе - жерді сатуға жол бермеу болды. Екінші мәселе - жер сатылса қалай сату керек деген мәселе. Бұл мәселе құрылған жұмысшы топтарында егжей-тегжейлі талқыланады. Оның қорытындысын келесі отырыстың басында хабарлауды ұсынмын" деген Сағынтаев.

Комиссияның келесі отырысы 28 мамыр күні өтеді деп белгіленген. Келесі отырыста жерді заңды тұлғаларға, шетел азаматтарына жалға беру мәселесі талқыланбақ.

Жер реформасы жөніндегі комиссия мамырдың басында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен, ауылшаруашылығы жерлерін сату мен шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзартуға қарсылық күшейген соң құрылған. Комиссияның алғашқы отырысы 14 мамырда өткен.