АҚШ генералы Джозеф Вотел Сирияға құпия сапармен барған

АҚШ генералы Джозеф Вотел. 29 сәуір 2016 жыл.

АҚШ қарулы күштері генералы Джозеф Вотел сенбі күні Сирияға құпия сапармен барып, «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қарсы күресіп жатқан араб, күрд жасақтары мен өзге де қарулы құрылымдардан коалиция құру барысымен танысқан.

АҚШ қарулы күштері орталық басшылығының жетекшісі Джозеф Вотел өз елі 2014 жылы «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қарсы шара бастағалы бері Сирияға барған алғашқы америкалық жоғары дәрежелі әскери басшы.

Сирияның солтүстігіндегі аэродромдардың біріне ұшақпен жеткен Вотел ол елдің аумағында 11 сағат болған. Ол сириялық араб қарулы жасағына жәрдемдесіп жүрген америкалық әскери кеңесшілермен, Вашингтон қолдау білдіріп отырған күрд және араб топтарын біріктірген Сирия демократиялық күштері жетекшілерімен кездесіп, сөйлескен.

Генерал Вотелмен бірге Ирактан Сирияға журналистердің шағын тобы да барғаны хабарланды. Тілшілер мұндай құпия миссия кезінде әскери қолбасшы барған аймақтан шығып кеткенше оның нақты қай жерде екені жайлы ақпаратты таратпауға міндетті деп хабарлайды Associated Press агенттігі.