Ресей Украинадан аннексиялап алған Қырым түбегіне барған Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев түбек зейнеткерлерінің зейнетақының аз екені туралы шағымына "Қазір ақша жоқ" деп жауап берді. Медведев зейнеткерлерге "шыдай тұруға" кеңес беріп, жақсы көңіл-күй мен денсаулық тіледі.
Медведевтің қырымдық зейнеткерлер шағымына тап болған ыңғайсыз сәтінен түсірілген видео интернетте жарияланған. Қырымға сапарлап барған Медведевті түбек тұрғындары зейнетақының аздығы мен бағаның қымбаттығына шағымданып қарсы алды. Жергілікті зейнеткер әйел өздеріне зейнетақы индексациясын дұрыс жасамайтынын айтып шағынған. "Бізді ренжітіп отыр, тіпті төрт пайызды да бермейді. Сегіз мың деген не ол? Ол болмашы ғана ақша!" деп ашынған әйел. Оған Медведев қазір зейнетақыға индексация еш жерде жасалып жатпағанын айтты. "Қазір ақша жоқ. Ақша табылса, индексация жасаймыз" деген Медведев.
Биыл Ресейде зейнетақы бар-жоғы 4 пайызға көбейтілген. Зейнетақыға қосымша индексация жасау үшін бюджетке өзгерістер енгізу қосымша шығындарды азайту үшін қыркүйектегі мемлекеттік дума сайлауына дейін шегерілген.