Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тәуелсіздік алған ширек ғасыр ішінде қарыштай ілгерілеп, әлемдегі дамыған 50 елдің қатарына енді деп мәлімдеді.
«Қазақтар мен қазақстандықтар ешқашан қазіргідей өмір сүрген жоқ. Совет кезеңінде қазіргідей білім мен денсаулық саласындағы жетістіктерге қол жеткізген емес» деген Назарбаев бүгін Астанада экономикалық форумда сөйлеген сөзінде.
Президенттің айтуынша, Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан сәттен бастап екі миллион жұмыс орны ашылған. Өткен 25 жылдың ішінде кедейшілік шегінде өмір сүретіндер саны 40 пайыздан 3 пайызға дейін төмендеген. Назарбаев елдің жалпы ішкі өнімі 1991 жылдан 2014 жылға дейін 20 есе өсіп, әлеуметтік салаға жұмсалатын шығыс ұлғайғаны туралы деректер келтірді. Қазақстанның алтын-валюта қорының көлемі 95 миллиард долларды құрайды деді президент.
Қазақстан экспортының негізгі бөлігін құрайтын энергия ресурстары мен металл бағасы құлдыраған соңғы бір жарым жылда Қазақстан экономикасы қиындыққа кезікті. Қазақстан ұлттық экономика министрлігі статистика жөніндегі комитетінің мәліметтері бойынша, 2013 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) көлемі 243 миллиард 773 миллион АҚШ долларын құраған болса, 2014 жылы 227 миллиард 439 миллион долларға дейін азайған. 2015 жылғы ЖІӨ көлемі (қазіргі айырбас бағамымен есептегенде) 115 миллиард 604 миллион долларға дейін кеміген. Жан басына шаққанда ЖІӨ көрсеткіші 2014 жылғы 14 мың доллардан 2015 жылы 6800 долларға дейін қысқарған. «Жақсы жылдары» жинақталған қаражат реформаларды жүзеге асыруға және индустриалды-инновациялық бағдарламаны жалғастыруға мүмкіндік береді деді Назарбаев.
Халықаралық рейтинг агенттіктері биыл Қазақстанның ЖІӨ өсімі нөлге тең болады немесе теріс мәнге ие болады деген болжам жасап отыр. 25 мамырда Астана экономикалық форумында сөйлеген сөзінде Қазақстан ұлттық экономика министрі Қуандық Бешімбаев 2016 жылы «оптимистік болжам» бойынша ел экономикасының өсімі 1 пайызды құрауы мүмкін деп мәлімдеген.