Тоқаев: Савченконы айырбастау – «парасаттылық жеңісі»

Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев украиналық әскери қызметші Надежда Савченко мен Киевте сотталған ресейлік екі әскеридің бостандыққа жіберілуін құптады.

Ресей соты Украинаның Луганск қаласы түбінде екі ресейлік журналистің қаза табуына қатысы бар деп айыптап, 22 жылға түрмеге кескен Надежда Савченко 25 мамырда Украинаға оралды. Киев оны Украинаның шығысында ұсталған екі ресейлік Александр Александров пен Евгений Ерофеевке алмастырған. Александров пен Ерофеев алғашқы тергеу кезінде өздерін Ресей әскери барлау қызметкерлеріміз деп таныстырған. Бірақ Ресей қорғаныс министрлігі ондай ақпаратты жоққа шығарған. Савченкоға рақымшылық жариялау туралы жарлық Ресей президенті сайтында 25 мамырда жарияланды.

«Надежда Савченконы ресейлік екі әскери қызметкерге айырбастау украиналық дағдарысты реттеу бойынша саяси жігердегі парасаттылық жеңісі» деп жазды Twitter әлеуметтік желісінде Тоқаев.

Украина президенті Петр Порошенко сәрсенбі күні Киевтегі резиденциясында Надежда Савченкоға «Украина қаһарманы» атағын тапсырғанда сөйлеген сөзінде «Қырым мен Донбастың көп ұзамай қайтарылатыны» туралы мәлімдеді.

Порошенко Савченконы түрмеден босатуға жәрдемдескен Батыс елдеріне алғыс білдірді. Сонымен бірге ол бұған дейін Ресейде сотталған украиналық азаматтар – Солошенко, Афанасьев, Сенцов, Кольченко және өзге саяси тұтқындар да Отанына оралады деп үміттенетінін айтқан.