Өзбекстанмен шекарада жүк көліктерін өткізу қиындаған

Қазақстанның Өзбекстанмен шекара бекеттерінің бірінде кезекте тұрған адамдар. (Көрнекі сурет.)

Өзбекстан Қазақстанмен арадағы «Қазығұрт» шекара бекетінен жүк көліктерін өткізуді уақытша тоқтатқан соң, Қазақстан шекараға жиналып қалған көліктерді «Бауыржан Қонысбаев» шекара бекеті арқылы жібере бастады. Бұл туралы Азаттыққа бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік кірістер департаменті өткізу пунктерінің қызметін үйлестіру бөлімінің басшысы Тимур Мырзағалықов хабарлады.

Оның айтуынша, 21 мамыр күні Қазақстанның «Қазығұрт» шекара бекетінен Өзбекстанның «Наджимов» шекара бекетіне жүк көліктерін өткізу тоқтатылған. «Өзбекстан жағынан шекара бекетінде не болып жатқаны жөнінде ресми хат жоқ. Бірақ біз Өзбекстанның «Наджимов» шекара бекетіндегі жолға жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын көріп отырмыз» дейді ол.

– Бұл шекара бекетінен жеке адамдар мен жеңіл көліктер еш кедергісіз өтіп жатыр. Жүк көліктерін «Қазығұрт» шекара бекетінен «Бауыржан Қонысбаев» шекара бекетіне жібердік. Алғашқы күндері аздап мәселе болды. Қазақстан жағы да, Өзбекстан жағы да тексеру жұмыстарын тездеткендіктен, қазір жағдай қалыпқа түсе бастады, - дейді бөлім басшысы.

Бұған дейін «Озодлик» радиосы (Азаттықтың Өзбек қызметі) Өзбекстан жағы 21 мамырдан бастап «Наджимов» шекара бекеті арқылы Қазақстанның «Қазығұрт» шекара бекетінен өтетін жүк көліктері қозғалысын шектеп, шекарада ондаған жүк көлігі жиналып қалғаны туралы хабарлаған. Өзбекстан ресми орындары бұған байланысты ешқандай түсініктеме бермеген.