Алматыда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған жиынға қатысушылар. Алматы, 31 мамыр 2016 жыл.

Алматыда бүгін Наурызбай мен Қабанбай көшелерінің қиылысындағы, бұрынғы НКВД ғимараты алдындағы саябақта саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған шара өтті. Әкімдік ұйымдастырған шараға жиналғандар саябақтағы қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына болашақта ескерткіш орнатылады деп қойылған қара тасқа гүл шоқтарын қойды. Бұдан соң Алматы әкімі Бауыржан Байбек, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары сөз сөйледі.

Еске алу шарасында қысқаша ғана сөйлеген Байбек келесі жылға дейін мұнда қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш орнатылатынын, ол үшін арнайы конкурс жарияланатынын айтты. Бұдан соң әкім мен онымен бірге келген шенеуніктер Орталық мешітте қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарына арнап, құрбандық шалып, құран бағыштауға кетті.

Бауыржан Байбек сөзін аяқтап, қайтатын кезде алматылық белсенді, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқан Халелхан Әділханов оның соңынан Алматыда 21 мамыр қарсаңында қамалған белсенділердің босатылуын талап етіп, "Репрессия тоқтасын!" деп айқайлады. Бауыржан Байбек оның сөзіне жауап қатпастан басқа да шенеуніктермен бірге іс-шара орнынан кетіп қалды.

Қамаудағыларды босатуды талап етіп айқайлаған белсендіге полиция ешнәрсе демеді.