Астана қаласының Сарыарқа аудандық №2 сотында экстремизм бойынша айыптар тағылған Мұрат Такаумовтың соты жалғасты. Сотқа Такаумовты айдауыл әкелді.
Түстен кейін басталған сот отырысында судья Такаумовтан соттан хабар таратуға барған жалғыз журналист - Азаттық тілшісінің диктофонға жазып, сурет түсіруіне қарсы, я қарсы емесін сұрады. Такаумов аудио жазба жасауға және суретке түсіруге қарсы емесін білдірді. Бірақ прокурор Серік Ишанов судьяға сотта аудио жазба және сурет түсіруге тыйым салуды сұрап, өтініш берді. Бұдан соң судья сотта бес минуттық үзліс жариялап, Такаумов пен оның адвокаты Серік Нұрлыбаевтың сөйлесіп алуына мүмкіндік берді.
Үзілістен соң судья енді сотта видео материалдары қаралатынын айтып, прокурордың ол процеске Азаттық тілшісін кіргізуге қарсы екенін жеткізді. Такаумов қарсы болмаса да, судья оны тіпті суретке түсіріп алуға да рұқсат етпеді.
Мұрат Такаумов қылмыстық кодекстің 405-бабы бойынша Қазақстанда тыйым салынған «Таблиғи жамағат» ұйымына қатысқан» деп айыпталған. Ол өткен жылдың 18 қарашасынан бері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында отыр.
Астана соты 2013 жылдың ақпанында «Таблиғи жамағат» діни ұйымын экстремистік деп танып, қызметіне тыйым салған еді. Ел билігі «Таблиғи жамағат» ұйымының басты мақсаты Орталық Азия территориясында халифат құру деп санайды. 2013 жылдан бері елде ондаған адам осы ұйымға мүше болды деген айыппен сотталды.