Германия парламенті "армян геноциді" туралы қарарға дауыс береді

Германия парламенті (Көрнекі сурет).

Германия парламенті бүгін Осман империясы кезінде армяндардың жаппай қырылуын геноцид деп тану туралы қарарды қарайды. Бундестаг депутаттары 20-ғасыр басындағы Осман империясында бір жарым миллион армянның жаппай қырылғаны туралы бұл символдық қарарды қолдайды деген болжам бар. Бұған дейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған бұл қарарды қабылдау екі ел қарым-қатынасына кері әсер етуі мүмкін деп мәлімдеген. Түркия бұл жаппай қырғын геноцид болды деген ұйғарымды жоққа шығарады.

Дауыс беру қарсаңында Армения президенті Серж Саргсян неміс депутаттарын Түркия президентінің ескертуін елемеуге шақырған. "Армян геноцидін өзге мемлекет басшысының қарсылығына бола геноцид деп атамау - әділетсіздік" деп мәлімдеген Саргсян немістің Bild басылымына.

Сарапшылар Германия канцлері Ангела Меркель қиын жағдайда қалып тұр. Себебі Еурпоа Одағы біраз бұрын Түркиямен осы ел арқылы Еуропаға келетін мигранттар санын азайту туралы келісім жасасқан. Ол бойынша Түркия босқындар мен мигранттарды өз территориясында Еуропаға жібермей ұстайды. ЕО оның есесіне Түркияның одаққа кру келіссөзін тездетіп, түрік азаматтарының Шенген аймағына визасыз кіру тәртібін енгізбек.

Тарихшылардың көбі және кем дегенде 20 мемлекет осман түріктерінің бір жарым миллион армянды қыруын геноцид деп таниды. Анкара бұған қарсылық білдіріп, ол кезде армяндар бұл саннан әлдеқайда аз қырылды дейді. Түркия билігінің ұйғарымынша, армяндардың жаппай қырылуына Осман империясы билігінің христиандық азшылықты құрту саясатынан гөрі өзара жаулық көбірек себеп.