Иракта сенбі күні жасалған бірнеше жарылыстан 15 адам қаза тауып, 40-тан астам адам зардап шеккен.
Ел астанасынан солтүстікке қарай шамамен елу шақырымдай жерде орналасқан бақылау бекетінде жанкешті өз-өзін жарып жіберіп, салдарынан сегіз адам мерт болған және 15 адам жараланған. Мерт болғандардың үшеуі - әскери қызметкерлер деп хабарланды.
Бағдат қаласындағы екі базарға жасалған шабуылдардан бес азамат қаза тапқан, тағы бір жерде мейрамханадағы бомба жарылысынан екі адам өлген.
Бұл уақытта Ирак әскері Фаллуджа қаласын «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобынан босату операциясын жалғастырып жатыр. 2014 жылдан бері Фаллуджаны бақылауында ұстап отырған ИМ тобы бұл қаланы Бағдат пен көрші аймақтарға террорлық шабуылдар жасау үшін плацдарм ретінде пайдаланып отыр.