Джон Керри Моңғолияны «демократия оазисі» деп атады

Моңғолиядағы Шыңғысхан ескерткіші. (Көрнекі сурет.)

Моңғолияға қысқа жұмыс сапарымен барған АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри бұл елді «демократия оазисі» деп атаған.

– Бір жағынан Ресеймен, екінші жағы - Қытаймен шектесесіздер. Сіздерге үнемі үлкен қысым жасалады, бірақ соған қарамастан демократиялық оазисте өз ерекшеліктеріңізді сақтап қалу үшін күресіп келесіздер, - деген ол.

Керри Франциядан Қытайға бара жатқан жолда Моңғолияға қысқа уақытқа аялдаған.

Керри бұл сапарында Моңғолия президенті Цахиагийн Элбэгдоржбен кездесіп, АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігі (USAID) бағдарламасын бастау рәсіміне қатысқан.

АҚШ үкіметі Моңғолиямен әріптестік қарым-қатынасты дамытуға мүдделілік танытып келеді. Америкалық ресмилер СССР тарағаннан бергі ширек ғасыр ішінде үш миллиондай тұрғыны бар Моңғолияның демократиялық даму жолына түскенін үнемі айтып жүр деп хабарлайды Reuters.