Ақтөбедегі жағдайдан соң Қырғызстанда қауіпсіздік күшейтілді

Қырғызстан полиция жасағы (Көрнекі сурет).

Қазақстанда Ақтөбедегі жағдайларға байланысты террорлық қаупінің "қалыпты сары сызығы" деңгейі жарияланған соң Қырғызстанда қауіпсіздік шаралары күшейтілді. 6 маусымда террорлық қауіптің "қалыпты сары сызығы" деңгейі 40 күн мерзімге енгізілген.

"Республика ішкі істер органдарының барлық жеке құрамы 6 маусымнан бастап жоғары әскери дайындыққа келтіріледі. Қазақстанның Ақтөбе облысында террористік және экстремистік ұйымдар белсенділігін арттырды" деп мәлімдеді министрлік өкілі.

Қауіпсіздік шаралары әсіресе Бішкекте 6-7 мамырда өтіп жатқан ТМД елдері үкімет басшыларының кездесуі кезінде күшейтіліп отыр.

Қазақстан ішкі істер министрлігінің мәліметіне қарағанда, өткен жексенбіде Ақтөбеде болған атыс пен одан кейінгі террорға қарсы операциядан қаза тапқандар саны 18 адамға жетті. Олардың 12-сі шабуыл жасауға қатысқандар. Күдікті тоғыз адам ұсталып, өзге алты я жеті адам іздестіріліп жатыр.

Террорлық қауіптің "қалыпты сары сызығы деңгейі" жариялануына байланысты қауіпсіздік органдары тұрғындардан иесіз қалдырылған заттарға назар аударып жүруді, күдікті заттарға тиіспеуді, құқық қорғау органдарының құжат тексеру шараларына түсіністікпен қарауды және оларға септесуді сұрайды. Сонымен қатар азаматтарды босқа дүрлікпей, мемлекеттік органдардың ресми ақпаратына сүйенуге шақырады.