ІІМ: Арнайы операцияда көзі жойылғандар саны 13-ке жетті

Әлеуметтік желіде Ақтөбеде атыс болған жерден түсірілген деп сипатталған видеодан скриншот.

Ақтөбедегі атыс пен террорға қарсы операциялардан оққа ұшқан қылмыскерлер саны 13-ке жетті деп хабарлайды ішкі істер министрлігіне сілтеме жасаған жергілікті агенттіктер.

Министрліктің ресми өкілі Алмас Садубаевтың айтуынша, қазірге дейін "қарсылық танытқан 13 қылмыскердің көзі жойылып, 4-еуі жараланған, 7-еуіне іздеу жарияланған". Оның сөзінше, қазір сегіз күдікті ұсталып, олардың шабуылдарға қатысы бары тексеріліп жатыр. Қалған күдіктілердің қайда екенін анықтау және оларды ұстау шаралары жасалып жатыр.

Ақтөбеде 5 маусымда бір топ адам екі қару-жарақ дүкені мен әскери бөлімге шабуыл жасап, атыс болған. Атыс пен одан кейінгі арнайы операциядан қаза тапқандардың жалпы саны ресми мәлімет бойынша осымен 19 адамға жетті.