ІІМ пионер лагеріне оқ атылғанын терістеді

Ақтөбе көшесіндегі полиция көліктері. 8 маусым 2016 жыл (Көрнекі сурет).

Ішкі істер министрлігі «8 маусымда Ақтөбеде пионер лагерінің күзетіне оқ атылғаны» туралы ақпаратты терістеді.

«Ішкі істер органдарына Ақтөбе облысындағы жазғы лагерьдің күзетшілеріне қарудан оқ атылғаны туралы ақпарат келіп түсті. Содан кейін бұл ақпарат тексерілді. Ақпарат расталмады. Қылмыскерлерді ұстау бойынша жарақаттанғандар саны бұрынғыша төртеу. Ішкі істер органдарының жеке құрамы әлі күнге дейін күшейтілген режимде жұмысын жалғастырып жатыр» деді министрліктің ресми өкілі Алмас Садубаев Азаттық тілшісіне.

«Сонда Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысы президентке тексерілмеген ақпаратты баяндаған ба?" деген сұраққа ол: «Жоқ, ол кезде сондай ақпарат түсті деп қана айтқан болатын» деді Садубаев.

Бүгін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуде Ақтөбеде террорға қарсы операцияның аралық есебін баяндау кезінде ҰҚК басшысы Владимир Жұмақанов "Ақтөбеде бүгін таңертеңгі сағат 8 шамасында пионерлер лагерінің күзетіне ақ түсті Lada көлігінен тегіс ұңғылы қарудан "оқ атылғаны" туралы" хабарлаған еді.